Коммунальное государственное учреждение «Специализированная школа-интернат имени И. Алтынсарина»
Главная   /  Қазақша   /  Мемлекеттік рәміздер   /  МЕМЛЕКЕТТІК ГИМН  

МЕМЛЕКЕТТІК ГИМН

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ГИМНІ
 
8-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін пайдалану тәртібі
      1. Мемлекеттік Гимн:
      1) Қазақстан Республикасының Президенті қызметке кіріскен кезде - ол ант бергеннен кейін;
      2) Қазақстан Республикасы Парламенті сессияларының ашылуы және жабылуы кезінде;
      3) Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мерекелеріне, сондай-ақ өзге де салтанатты іс-шараларға арналған жиналыстар мен мәжілістердің салтанатты ашылуы кезінде;
      4) теле-, радиоарналар эфирге шыққан кезде тәулiк сайын, олардың хабар таратуы басталғанда және аяқталғанда;
      5) Қазақстан Республикасы халқының өміріндегі аса маңызды тарихи оқиғаларды атап өту құрметіне ескерткіштерді, монументтерді, құлпытастарды және басқа да ғимараттарды ашу кезінде;
      6) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктері мен өзге де ұйымдары өткізетін ресми және салтанатты рәсімдер, спорттық іс-шаралар кезінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтерілген кезде;
      7) Қазақстан Республикасына мемлекеттік немесе ресми сапармен келген шет мемлекеттердің басшыларын қарсы алу кезінде - тиісті шет мемлекеттің мемлекеттік гимні орындалғаннан кейін;
      8) жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта, кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылының ашылу және оқу жылының аяқталу рәсімдері кезінде, сондай-ақ өзге де салтанатты іс-шаралар өткізілген кезде;
      9) Қазақстан Республикасының ұлттық (құрама) командасы қатысатын спорттық іс-шаралар өткізілген кезде орындалады.
      1-1. Мемлекеттік заңды тұлғалардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы оларға қатысты жалғыз акционер (қатысушы) болып табылатын өзге де акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің мемлекеттік нышандарға арналған экспозиция үшін бөлінген үй-жайларында (үй-жайларының бір бөлігінде) Мемлекеттік Гимннің мәтіні міндетті түрде орналастырылады.
      Мемлекеттік Гимннің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      2. Қарулы Күштердің құрамаларында, әскери бөлімдерінде, бөлімшелерінде, мекемелерінде және басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Мемлекеттік Гимнді орындау және оның мәтінін пайдалану тәртібі жалпы әскери жарғыларда айқындалады.
9-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындау тәртібі
      1. Мемлекеттік Гимн көпшілік алдында орындалған кезде қатысушылар оны орнынан тұрып айтады (тыңдайды), бұл ретте Қазақстан Республикасының азаматтары оң қолын жүрек тұсына қояды.
      Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен өзге де ұйымдары шет мемлекеттер аумағында іс-шаралар өткізген кезде Мемлекеттік Гимн осы Конституциялық заңға, сондай-ақ сол мемлекеттің заңнамасы мен протоколдық практикасына және жергілікті салт-дәстүрге сәйкес орындалады.
      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты жағдайда көтеру және тігу кезінде Мемлекеттік Гимн орындалады, бұл ретте қатысушылар жүздерін Туға қарай бұрады.
      2. Мемлекеттік Гимнді оркестр, хор, оркестр мен хор орындайды не ол өзге де вокалдық және аспаптық түрде орындалады. Бұл ретте дыбыс жазу құралдары пайдаланылуы мүмкін.
      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін ықшамдап орындауға жол беріледі.
      3. Мемлекеттік Гимн бекітілген мәтіні мен музыкалық редакциясына дәлме-дәл сәйкестікпен мемлекеттік тілде орындалады.
      4. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтіні мен музыкалық редакциясын басқа музыкалық шығармалардың және өзге де өнер туындыларының негізі ретінде пайдалануға болмайды.