Коммунальное государственное учреждение «Специализированная школа-интернат имени И. Алтынсарина»
Главная   /  Қазақша   /  Мектеп   /  Мемлекеттік қызмет   /  Негізгі орта, жалпы орта білім туралы құжаттардың телнұсқаларын беру  

Негізгі орта, жалпы орта білім туралы құжаттардың телнұсқаларын беру

Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2015 жылғы 28 қаңтардағы
№ 39 бұйрығына
35-қосымша
Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарды беру қағидалары
      Ескерту. 35-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 07.06.2021 № 277 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
      1. Осы Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарды беру қағидалары "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 39-бабына және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 10-бабы 1-тармағына сәйкес әзірленген.
      2. Осы Қағидалар білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарды беру тәртібін, сондай-ақ білім туралы құжаттардың телнұсқаларын беру тәртібін белгілейді.
2-тарау. Мемлекеттік үлгідегі білім туралы құжаттарды беру тәртібі
      3. Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарды білім беру ұйымдары "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 39-бабының 3-тармағына сәйкес береді.
      4. Қорытынды аттестаттаудан өткен білім алушыларға негізгі орта білім туралы аттестат, жалпы орта білім туралы аттестат, техникалық және кәсіптік білім туралы диплом, орта білімнен кейінгі білім туралы диплом, бакалавр дәрежесі берілетін жоғары білім туралы диплом, біліктілік берілетін жоғары білім туралы диплом, магистр дәрежесі берілетін жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы диплом, сондай-ақ кәсіптік даярлау туралы куәлік беру үшін тиісті (емтихан, біліктілік, аттестаттау) комиссияның шешімі негіздеме болып табылады.
Ерекше білім беруге қажеттілігі бар білім алушыға негізгі орта білім туралы аттестат беру үшін білім беру ұйымы басшысының бұйрығы негіздеме болып табылады.
      5. Білім беру ұйымдарында негізгі орта білім туралы үздік аттестат, жалпы орта білім туралы үздік аттестат, техникалық және кәсіптік білім туралы үздік диплом, орта білімнен кейінгі білім туралы үздік диплом Қазақстан Респубдикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне № 5191 болып тіркелген) бекітілген Білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау өткізудің үлгілік ережелерне сәйкес, жоғары білім туралы үздік диплом Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы № 595 бұйрығымен (Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2018 жылғы 31 қазанда № 17657 тіркелген) бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларына сәйкес беріледі.
      6. Білім туралы құжат тиісті шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей салтанатты түрде білім алушының өзіне беріледі.
      Құжатты жеке өзі алу мүмкіндігі болмаған жағдайда ол үшінші тұлғаға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен ресімделген сенімхат бойынша беріледі.
      7. Білім туралы мемлекеттік үлгідегі бланкілердің барлық түрлері (философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дипломдарынан, қауымдастырылған профессор (доцент) және профессор аттестаттарынан басқа):
      1) көлемі 224 x 160 мм қатты мұқабадан;
      2) көлемі 210 x 150 мм қосымша парақтан;
      3) қосымшадан тұрады.
      8. Философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дипломдары, қауымдастырылған профессор (доцент) және профессор аттестаттары:
      1) көлемі 310 х 110 мм қатты мұқабадан;
      2) көлемі 310 х 110 мм қосымша парақтан тұрады.
      9. Бланк мұқабасы:
      1) үздік бланк үшін - қызыл түстен;
      2) "Алтын белгі" белгісімен марапатталған тұлғаларға берілетін бланк үшін - көгілдір түстен;
      3) магистр, доктор (PhD, бейіні бойынша) дипломдары үшін – күрең қызыл түстен;
      4) басқа қалған бланкілер үшін - қою көк түстен дайындалады.
      10. Бланкілердің барлық түрлерінің мұқабасында алтын түспен жасалған:
      1) жоғары жағында мемлекеттік тілде: "Қазақстан Республикасы" деген өрнектелген жазу;
      2) ортасында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының бейнесі;
      3) Мемлекеттік елтаңба бейнесінің астында мемлекеттік тілде өрнектеліп жазылған құжат түрінің атауы орналасады.
      11. Бланкілер мен оған қосымшалары баспаханалық тәсілмен басылады (баспа құрылғыларының көмегімен толтырылатын деректерді есепке алмағанда).
      12. Бланкілер мен оған қосымшалары арнайы қорғаныш (су тамғысы белгілерімен) дәрежелері бар мынадай қағазда басылады:
      1) ақшыл-қызғылт түс – үздік белгісі бар бланкілер, магистр, PhD докторы, бейіні бойынша докторы, сондай-ақ "Алтын белгі" белгісімен марапатталған тұлғаларға берілетін бланкілер үшін;
      2) ақшыл-көк түс - барлық қалған құжаттардың түрлері үшін қосымша парақтар мен қосымшалар.
      13. Бланкінің бетжағында:
      1) жоғары жағында – "Қазақстан Республикасы" деген сөздер;
      2) ортасында - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының бейнесі;
      3) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңба бейнесінің астында - бланк түрінің мемлекеттік тілдегі атауы орналасады.
      14. Бланкілердің ішкі екі жағында ортада Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының бейнесі басылады.
      15. Бланкілердің сол жақ ішкі бетінде мемлекеттік тілдегі мазмұны, ал оң жағында - орыс тіліндегі бірдей мазмұны көрсетіледі.
      Жоғары білім туралы, магистр, доктор (PhD, бейіні бойынша) дипломдарының, доцент және профессор аттестаттарының сол жақ ішкі бетінде мемлекеттік тілдегі мазмұны, ал оң жағында орыс және ағылшын тілдерінде бірдей мазмұны көрсетіледі.
      16. Үздік құжаттың қосымша парағының ішкі екі бетінде баспаханалық тәсілмен қызыл түспен "Үздік" және "С отличием" деген сөздер жазылады, жоғары білім туралы дипломдар үшін "Үздік" деген сөз қосымша парақтардың бет жағына басылады.
      17. "Алтын белгі" белгісімен марапатталған адамдарға берілетін бланкінің ішкі екі бетінде баспаханалық тәсілмен, қола түспен "Алтын белгі" деген сөздер жазылады.
      18. Бланкілердің барлық түрлерінің қосымша парақтарының сериясы мен жеті саннан тұратын нөмірі болады.
      19. Бланкілер оларға жазылатын жазулар басу құрылғыларының көмегімен жазылатындай етіп жасалуы тиіс.
      20. Блакілердің барлық түрлерінде деректерді автоматты сәйкестендіру және жинау технологиясын және (немесе) QR коды қолданылады.
      21. Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың қосымшаларының бланкілерінде мәлімделген білім беру бағдарламаларын аккредиттеген аккредиттеу агенттіктерінің логотиптері орналастырылады.
3-тарау. Білім туралы құжаттардың телнұсқаларын беру тәртібі
      22. Білім туралы құжаттардың телнұсқалары және оларға қосымшалар (бұдан әрі – телнұсқа) жоғалған немесе бүлінген құжаттардың орнына, сондай-ақ, өзінің тегін (атын, әкесінің атын (болған жағдайда) өзгерткендерге беріледі.
      Құжаттың телнұсқасын беру үшін мыналар негіздеме болып табылады:
      1) құжатын жоғалтқан немесе бүлдірген білім алушының немесе кәмелет жасқа толмаған баланың ата-анасының (заңды өкілінің) білім беру ұйымы басшысының атына оның мән-жайы баяндалған жазбаша өтініші;
      2) білім алушының туу туралы куәлігі немесе жеке куәлігі (паспорты) және (немесе) цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжаты (жеке басын сәйкестендіру үшін талап етіледі);
      3) тегі (аты, әкесінің аты (болған жағдайда) өзгерген және білім туралы құжат бүлінген жағдайда білім туралы құжаттың түпнұсқасы қоса беріледі.
      Білім туралы құжаттардың телнұсқасын алу үшін Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын және электрондық цифрлық қолтаңбасы жоқ жеке тұлғалар өз бетінше білім беру ұйымына жүгінеді.
      23. Телнұсқа өтініш берілген күннен бастап 15 жұмыс күнінен кешіктірілмей тегін негізде беріледі.
      24. Білім беру ұйымдары жабылған жағдайда жеке тұлғалар білім беру ұйымының тұрғылықты орны бойынша архивке жүгінеді. Мемлекеттік архивтер мен олардың филиалдары, ведомстволық және жекеменшік архивтер берген көшірмелер мен үзінділер түпнұсқалық заңды күші бар ресми құжаттар болып табылады.
      25. Құжаттардың телнұсқалары телнұсқа беру туралы шешім қабылданған сәтте қолданыста болған үлгідегі бланкілерде беріледі және оларға білім беру ұйымының басшысы, оның оқу ісі жөніндегі орынбасары қол қояды.
      26. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі бiлiм беру ұйымдары (бұдан әрі - ЖЖОКБҰ) 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін бітірген түлектерге жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттың телнұсқасы беріледі.
      27. Берілетін құжаттың бланкісінде жоғары оң жақ бұрышында "Түпнұсқаның орнына берілген № ______ телнұсқа" деген мөртаңба қойылады.
      28. Жоғалған немесе бүлінген мемлекеттік үлгідегі құжаттардың орнына "ғылым кандидаты", "ғылым докторы", "философия докторы (PhD)", "бейіні бойынша доктор" дипломдарының, "қауымдастырылған профессор (доцент), "профессор" аттестаттарының телнұсқаларын беру үшін аталған тұлғаларға ғылыми дәрежелер немесе ғылыми атақтар беру туралы Комитет төрағасының бұйрықтары негіздеме болып табылады.
      Өзіндік үлгідегі философия докторы (PhD), бейіні бойынша докторы дәрежесі берілетін жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы дипломдардың телнұсқасын беру үшін:
      1) ерекше мәртебесі бар ЖЖОКБҰ үшін диссертациялық кеңестің шешімі;
      2) ерекше мәртебесі жоқ ЖЖОКБҰ үшін Комитеттің шешімі және ЖЖОКБҰ басшысының бұйрығы болып табылады.
1-параграф. "Негізгі орта, жалпы орта білім туралы құжаттардың телнұсқаларын беру" мемлекеттік көрсетілетін қызметін көрсету тәртібі
      29. "Негізгі орта, жалпы орта білім туралы құжаттардың телнұсқаларын беру" мемлекеттік көрсетілетін қызметін негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдары көрсетеді.
      30. Негізгі орта, жалпы орта білім туралы құжаттардың телнұсқасын алу үшін жеке тұлға (бұдан әрi – көрсетілетін қызметті алушы) көрсетілетін қызметті берушіге "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрi – Мемлекеттік корпорация) немесе негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымның кеңсесі немесе "электрондық үкіметтің" www.egov.kz веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымы басшысының атына осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысанда немесе электронды құжат нысанында осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес "Негізгі орта, жалпы орта білім туралы құжаттардың телнұсқаларын беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 8-тармағында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып өтініш жолдайды.
      31. Мемлекеттік қызмет көрсету процесінің сипаттамасын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктерін ескере отырып өзге де мәліметтерді қамтитын мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес "Негізгі орта, жалпы орта білім туралы құжаттардың телнұсқаларын беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында келтірілген.
      32. Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы мәліметтерді Мемлекеттік корпорация қызметкері тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден "электрондық үкімет" шлюзі арқылы алады және көрсетілетін қызметті берушіге жолдайды
      33. Мемлекеттік корпорация немесе негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымының кеңсесі арқылы құжаттарды қабылдау кезінде көрсетілетін қызметті алушыға осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес тиісті құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат беріледі.
      34. Көрсетілетін қызметті алушы портал арқылы өтініш берген жағдайда, оның "жеке кабинетінде" мемлекеттік қызметті көрсетуге арналған сұрау салудың қабылданғаны туралы мәртебе көрсетіледі.
      35. Көрсетілетін қызметті алушы құжаттардың топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өтіп кеткен құжаттарды ұсынған жағдайда, Мемлекеттік корпорацияның немесе негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымның қызметкері өтінішті қабылдаудан бас тартады және осы Қағидалардың 4-қосымшасына сәйкес нысан бойынша құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.
      36. Көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген жағдайда Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес, мемлекеттік қызметті көрсету жөніндегі өтінішті тіркеу келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.
      37. Мемлекеттік корпорация тізілімнің екі данасымен қалыптастырылған өтініштерді (бар болған жағдайда құжаттар топтамасымен) негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымына кестеге сәйкес курьерлік және (немесе) пошта байланысы арқылы жібереді.
      38. Қабылданған өтініштерді қоса берілген құжаттармен бірге негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымына жеткізу осы өтініштерді қабылдаған күні кемінде екі рет жүзеге асырылады.
      39. Мемлекеттік корпорацияға жүгінген кезде құжаттарды қабылдау күні мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзіміне кірмейді.
      40. Негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымының қызметкері құжаттарды түскен күні тіркеуді жүзеге асырады.
      41. Негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымының қызметкерлері 5 (бес) жұмыс күні ішінде қарайды, мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін дайындайды және негізгі орта, жалпы орта білім туралы құжаттың телнұсқасын не бас тарту туралы дәлелді жауапты Мемлекеттік корпорацияға курьерлік және (немесе) пошта байланысы арқылы мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін бір тәуліктен кешіктірмей, ал портал арқылы өтініш берген жағдайда мемлекеттік қызмет нәтижесін алу орны көрсетілген білім туралы құжаттың телнұсқасының дайындығы туралы хабарлама не бас тарту туралы дәлелді жауап жібереді.
      42. Көрсетілетін қызметті алушы құжаттарды портал арқылы берген кезде көрсетілетін қызметті алушы Мемлекеттік корпорацияны мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін алу орны ретінде көрсеткен жағдайда, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымының қызметкерлері білім туралы құжаттың телнұсқасын Мемлекеттік корпорацияға курьерлік және (немесе) пошта байланысы арқылы мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі өткенге дейін бір тәуліктен кешіктірмей жібереді.
      43. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі – негізгі орта, жалпы орта білім туралы құжаттардың телнұсқаларын беру болып табылады.
      44. Мемлекеттік корпорацияда дайын құжаттарды беруді Мемлекеттік корпорацияның жұмыс кестесіне сәйкес, қолхаттың негізінде алу, белгісі бар жеке басын куәландыратын құжаттарды көрсеткен кезде жүзеге асырылады.
      45. Мемлекеттік корпорация мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін бір ай ішінде сақтауды қамтамасыз етеді, содан кейін оны әрі қарай сақтау үшін көрсетілетін қызметті берушіге тапсырады. Көрсетілетін қызметті алушы бір ай өткеннен кейін жүгінген жағдайда Мемлекеттік корпорацияның сұрауы бойынша көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушыға беру үшін Мемлекеттік корпорацияға дайын құжаттарды жібереді.
      46. Көрсетілетін қызметті алушы Мемлекеттік корпорацияға немесе негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымына немесе порталға құжаттарды тапсырған сәттен бастап жалпы қарау мерзімі – 15 жұмыс күні.
      47. Көрсетілетін қызметті беруші Заңның 5-бабының 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес тәртіппен мемлекеттік қызметтерді көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне мемлекеттік қызметті көрсету сатысы туралы мәліметтерді енгізуді қамтамасыз етеді.