«Ы. Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-интернат» коммуналдық мемлекеттік мекеме
Главная   /  Қазақша   /  Мектеп   /  Мектеп туралы   /  Жаңалықтар  

20 Мая 2021
2021 жылдың 20 мамыры күні Қостанайдағы Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп интернатында Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған «Алтынсарин және Қостанай мектебі» тақырыбында филология ғылымдарының докторы Әбсадық Алмасбек Ахметұлының және Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Арқалық педагогикалық институтының доценті, белгілі мүсінші Ұзақов Сапарбек Әбілбекұлының қатысуымен ғылыми-танымдық кездесу болып өтті.
Тағылымды сұхбат барысында Ыбырай Алтынсарин ашқан  Қостанайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесінің бастау арнасы – Троицк екендігі, 1861 жылдың 1 қыркүйегінде Троицкіде қазақ балаларына арналған бастауыш мектеп салтанатты түрде ашылып, оған Орынбор облысының шығыс бөлігін аралаған В.Григорьевтің өзі де қатысып, кейін бұл мектептің Қостанай қаласына көшірілгендігі жайында нақты дәлелдермен баяндалды. 
Сонымен қатар, «Мектеп тарихы» жобасы аясында өткен іс шарада мектептің 10 сынып оқушылары мен сынып жетекшілері мектеп тарихын зерделей отырып, мектеп макетінің алғашқы нұсқасын мектеп мұражайына табыстады. Бұл туындылардың авторы Сапарбек Ұзақов өз шығармашылығы жөнінде әңгімелеп берді. 
Кездесу қонақтарына оқушылар сұрақтар қойып, белсенділік танытты. 
Ыбырай ашқан мектептердің ұлттық болмысымызды сақтаудағы үлесі, «Бәсекеге қабілетті кемел адамды» қалыптастырудағы рөлі, Ыбырай мұрасы арқылы жастарды тәрбиелеу, ғылыми тұрғыда зерттеу барысындағы өзектілігін жоғалтпаған мәселелердің легі, сондай-ақ, қазіргі таңдағы ғылыми-педагогикалық бағытта қаншалықты өз деңгейінде зерттелгендігі  т.б. өзекті сұрақтар талқыға салынды.
Ғылыми-танымдық жиынды Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп интернатының директоры, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Келинбердиева Ырсалды Сейілханқызы қорытындылап, мұндай кездесулердің алдағы уақытта да өз жалғасын табатыны жайлы айтып өтті.